Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шағын бизнес кәсіпкерлерін тексеруді ұсынды

preview_player
Показать описание
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгін 2023 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийді алып тастауды ұсынды. Министр, бұл, мемлекеттік бюджет кірісін арттыруға сеп болады деп сенімді. Яғни, мораторийдің күшін жойып, қайтадан кәсіпкерлерге тексеріс жүргізейік дейді. Алайда, Атамекен кәсіпкерлер палатасының өкілдері өзі әрең күн көріп отырған азаматтарға дәл қазір тиісудің қажеті жоқ екенін жеткізді.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев былтыр енгізілген мораторий көп кәсіпкерге "май-шелпек" болды деп отыр. Айтуынша, кассалық тәртіп төмендеген. Яғни, көп кәсіпкер күндік табысын кассадағы есебінде аз көрсетеді. Министр енді қайтадан тексеретін болсақ Ел бюждеті әжептеуір ұлғаяды дейді.
ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі:
– Былтыр енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендеткені белгілі. Кейбір кәсіпкерлер салықтан жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда. Осыған байланысты микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз.
Бірақ, мұнымен кәсіпкер Диас Тастанбеков келіспейді. Онсыз да карантиндік талаптардан қиналып, күнімізді әрең көріп отырғанда кірістер комитетіндегілер қайта-қайта тексеріп, пара дәмететін болады дейді.
ДИАС ТАСТАНБЕКОВ, кәсіпкер:
– Тексерістер ол жұмысқа кедергі. Кем дегенде ол уақыт жағынан ыңғайсыз. Осындай тексерістер менің ойымша індетті тоқтатуға да ешқандай үлес қоспайтын сияқты, кішігірім кәсіпкерлерге де көмектеспейтін сияқты! Сондықтан оның қажеттілігінде күмәнім бар!
Ал, Атамекен кәсіпкерлер палатасындағылар министр Жамаубаевтың қандай негізге сүйеніп мұндай ұсыныс жасағанын мүлдем түсінбей отыр. Айтуларынша қазір онсыз да шағын және орта кәсіпкерлер жеке табыс салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылған. Оларды тексерген күннің өзінде аталған салықтарды төлемейді екен. Яғни, Қазақстандағы бір миллион үш жүз мыңнан астам шағын және орта кәсіп иесі қосымша салық төлемейді. Ал, қосымша құн салығы тек ірі кәсіпорындарға ғана қатысты болғандықтан шағын кәсіпкерді тексергеннен Ел бюджетіне ешқандай түсім болмайды дейді.
АСҚАР ҚАСЫҚОВ "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының атқарушы хатшысы 0267
– Әкімдер мен Үкімет керісінше бизнесті қолдап, инвестиция тартуға мүмкіндікті арттыру керек қой. Бюджетті ұлғайтамыз десе біздің екі ұсынысымыз бар. Біріншісі: салықты механикалық түрде өсіру. Яғни, әкімшілік тексерісті күшейту керек. Екіншісі: кәсіпкерлерді ынталандыру. Бұл жол әрине тез болмайды, бірақ дұрыс бағыт. Атамекен Палатасы Министрдің ұсынысын қолдамайды
Қаржы министрі былтыр да "кәсіпкерлердің кассалық түсімі азайып кетті" деп, тексеруді сұрапты. Бірақ, Атамекендіктер ол кезде пандемияның кесірінен табыстары төмендегендіктен, тексеріске ешқандай негіздері болмады деп отыр. Егер енді қайтадан тексеретін болса кәсіп иелері қызметкерлердің санын қысқартады, не болмаса жалақыларын азайтады, шенеуніктердің аузын майлап, жемқорлық жайлайды дейді. Қалай болғанда да бұл нәпақасын кәсіпкерліктен тауып отырған миллиондаған қазақстандыққа қатысты мәселе. Оларды қайтадан тексере ме жоқ па, оны тек Мемлекет басшысы шешеді.
Айбар Төлжанұлы

Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар:
WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31

#кәсіпкерлік #тексеріс #бизнес #мораторий #Атамекен
Рекомендации по теме