Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президентімен кездесті

preview_player
Показать описание
Қазақ елінің «Нұрлы жолы» мен Қытайдың «Жібек жолы» тоғысып жатса, екі елдің де бұдан ұтары көп. Бұл белдеу Азия мен Еуропа арасындағы сан мемлекеттің сауда жолдарын түйістіретін болады. Сауда жолы туралы айтсақ, осыдан үш жыл бұрын Өзен-Берекет-Горган теміржол дәлізі ашылды. Біздің Президенттің ерік-жігерімен төселген төте жол Қазақстан арқылы Түрікменстанға, әрі қарай Иранды басып, Парсы шығанағына апарады. Тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен осы транспорттық жобаның ізімен Ашхабад Астанамен өзге салалардағы байланысын да тереңдетпек. Бүгін елімізге Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келді.
Тарихы тамырлас түркімен халқымен серіктестік сындарлы. Бағзыдан бастау алған. Тәуелсіздік алған жылдары да жемісті жалғасты. Биыл дипломатиялық байланысқа 25 жыл. Демек, түрікмен басшысының осы тарихи сәтте сапар шегуінің мәні зор. Гурбангулы Бердімұхамедов екіжақты әріптестікке тың серпін беру үшін келді.
Тараптар салтанатты рәсімнен соң келіссөздерге кірісті. Екеуара сұхбаттасып, әріптестіктің негізгі бағыттарын саралады. Ширек ғасырда екі ел арасындағы байланыс жан-жақты өрбіді. Экономика мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дами түсті. Көлік-транзит саласында да айтулы жетістіктер бар. Осы бағытта бірлескен жобалар жүзеге асты. Ең ірісі – «Қазақстан-Түркменстан-Иран» темір жолы. Сол арқылы аймақтың инфрақұрылымдық әлеуеті артып, біраз мемлекеттер Парсы шығанағына жол ашты.
Түркменстан – Қазақстанның аймақтағы маңызды серіктесі. Екі елдің ұстанымдары ұқсас. Өзара түсіністік пен бауырластыққа негізделген байланыс салтанат құрды. Түрікменстан Президенті екі ел де бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайтынын айтты.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
-Біз бейбітшілік пен тұрақтылықтың аймақтық дәрежеде ғана емес, барша әлемде орнағанын қалаймыз. Осы орайда Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, өз алғысымды жеткізейін деп едім. Себебі Сіз біздің бастамамызды қолдап қана қоймай, өз үлесіңізді қосып жүрсіз. Біз де Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамаларын қуана-қуана қолдаймыз.
Қазіргі таңда екі ел арасында 50-ден астам түрлі келісім бар. Бүгін олардың қатарын тағы онға жуық құжат толықтырды. Қос ел көшбасшысы стратегиялық серіктестік жөнінде келісімге қол қойды. Мемлекеттік шекараны демаркациялау жөнінде келісім бекіді. Бұдан бөлек, үкіметаралық комиссия да құрылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Сегодня мы подписываем важнейший договор о стратегическом партнерстве между Казахстаном и Туркменистаном, отношения выходят на новый этап развития в связи с этим договором. Мы решаем все вопросы границ между нашими странами, это будут единственные две страны, у которых не будет пограничных проблем.
Қос ел ынтымақтастығын дамытудың мүмкіндіктері зор. Тараптар барлық салада әріптестікті нығайтуға ден қойды. Әсіресе сауда-саттықты арттыру – алдағы мақсат. Былтыр тауар айналымы 290 млн долларға жуықтады.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:
-Арадағы сауда-саттық көлемін арттыруға дайынбыз. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы жақсы ұсыныс жасады. Шекарадағы сауданы жеңілдету де бар. Біздің жинақтаған тәжірибеміз бар. Енді осы бағытта Қазақстанмен жұмыс істеуге әзірміз.
Көшбасшылар халықаралық және аймақтық күн тәртібінде тұрған мәселелерді де ой елегінен өткізді. Олардың ішінен қауіпсіздік және терроризммен күрес – алдыңғы қатарда. Бұдан бөлек су ресурстарын тиімді пайдалануға да назар аударылды. Арал тағдыры да екі елді қатар алаңдатып отыр. Биыл бұл теңізді сақтап қалу қорына төраға ететін ресми Ашхабат экологиялық мәселелерге мән беретінін алға тартты.
Көлік-транзит пен инфрақұрылымды дамыту екіжақты қатынастардың күретамырына айналуы тиіс. Бұл бағытта атқарылған жұмыс орасан. Мәселен, Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай газ құбырының стратегиялық маңызы зор. Демек, байланыс әлі де тереңдей түседі. Себебі бұған қос тарап мүдделі.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев
Рекомендации по теме