Пандемияға 1 жыл: Қазақстан індетпен қалай күресті (11.03.21)

preview_player
Показать описание

Телеканал Алматы в социальных сетях:

Коронавирустың алғашқы деректері 2019 жылдың соңына қарай белгілі бола бастаған еді. Бұл кезде әлем халқы қам-қаперсіз өмір сүрді. Тек бірнеше айдан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың жаңа түрі жылдам тарап жатқанына алаңдап, елдерге карантин шараларын енгізу керектігін мәлімдеген болатын.

«Мыңдаған адам вирустан қаза болып, мыңдаған жан дертпен күресіп жатыр. Алдағы аптада вирусты жұқтыру көлемі елдерде арта түседі. Сондықтан біздің бағалауымыз бойынша Covid-19 инфекциясын пандемия ретінде сипатталуы мүмкін», – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус.

Осыдан кейін көптеген елдер шекарасын жауып, өндіріс орындарының жұмысы тоқтады. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Вирусты ең алғаш жұқтырған науқас 13 наурызда Алматыда тіркелді. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, әуежай мен темір жолдардың, қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысы тоқтады. Қалаларға блок-бекеттер қойылып, карантинге жабылды. Жұрт жұмысты онлайн форматта жалғастырып, оқушылар мен студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Ал көзсіз жаумен күреске қаланың барлық медицина қызметкерлері жұмылдырылды.

«Бұл инфекцияға қарсы әртүрлі мамандар қосылып ауруға жұмылған жұдырықтай күресті бастап кеттік. Адамдарды емдеп көрдік, емнің нәтижесін көріп адамдар отбасына оралғанды көріп, әрине, қорқыныш сейілді», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов.

Қала билігі Covid-19 -бен күреске 108 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттады. Оған 23 инфекциялық стационар мен 2 модульді клиника салынды. РВ-90 жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталды. Дәрі-дәрмек, азық-түлік қоры жасақталып, 11 мың жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды.

Қалада қатаң карантин шаралары жүріп, аулалар мен тұрғын үйлерге жоспарлы түрде дезинфекция жасалып отырды. Адамдар оқшауланған соң көшелер мен саябақтар бос қалды. Алайда бұл экологияның жақсарып, ауаның тазаруына оңтайлы әсер еткен еді. Ал вирусты жою үшін әлем елдерімен қатар отандық ғалымдар да вакцина өндіруді бастап кетті. Қазір әлем бойынша вакцинациялау жүріп жатыр.

«Біз вакцинацияны қаншалықты тез жүргізетін болсақ, соншалықты вирусты ауыздықтап, халықты қорғап қала аламыз. Егер бұл процесті созып алсақ вирустың жаңа штамдары шығып кетуі мүмкін. Сондықтан қазір барынша сақтанғанымыз абзал», – деді профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор Алмаз Шарман.

Жалпы Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметінше коронавирусқа қарсы вакцинаны елімізде 33 мың адам, яғни халықтың 0,17 пайызы алған. Бұл көрсеткіш кемінде 70 пайыз болғанда ғана қоғамда вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады дейді мамандар. Ал әлем елдерінде, бұл көрсеткіш мәселен: (Графика): Ирзаильде - 97, Біріккен Араб Әмірліктерінде - 64, Ұлыбританияда - 35, АҚШ-та - 28, Ресейде - 3 пайыз. Сондықтан тажал дерттен толық айығудың және оның алдын алудың бірден бір жолы вакцинациялау дейді ғалымдар.

Назкен Еркін, Медет Самат, «Алматы» арнасы

ГРАФИКА:

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ДЕҢГЕЙЛЕРІ:

ИЗРАИЛЬ - 97,8%

БАӘ - 64,35%

ҰЛЫБРИТАНИЯ - 35,19%

АҚШ - 28,06%

РЕСЕЙ - 3,22%

ҚАЗАҚСТАН - 0,17%
Рекомендации по теме